Алматы метросы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жарқын беттердің біріне айналмақ

АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл 1 желтоқсанда алғашқы желісі пайдалануға берілгелі отырған Алматы метрополитені ҚР Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесі қарсаңында халыққа жасалған ең үлкен тарту болғалы отыр.
None
None

Құрылысы 23 жылға созылған бұл көлік қатынасының алғашқы желісінің салынып, пайдалануға берілуі тек алматылықтардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың мерейін өсіріп, рухын көтермек. Өйткені метро сияқты аса үлкен қаржыны қажет ететін көлік қозғалысы әлемнің 45 елінде ғана бар. Енді олардың қатарына тәуелсіздігін алғанына биыл 20 жыл толып отырған Қазақстан қосылып отыр.

Қоғамдық көліктің рельсті түрі дегенді білдіретін француздың «метрополитен» сөзі бүгінгі таңда көптеген елдерде өзгеріссіз қолданылады. Оның 3,6 шақырымдық алғашқы жолы 1863 жылы 10 қаңтарда Лондонда іске қосылды. Еуропа құрлығындағы тарихы ең ұзын метролар Будапешт (1896), Вена (1898), Париж (1900), Берлин (1902) және Гамбург (1912) қалаларында. Ал бұрынғы кеңестік республикаларда тұңғыш метро желісі Мәскеуде 1935 жылы 15 мамырда ашылды. Одан кейін бұл көлік түрі Санкт-Петербург (1955), Киев (1960), Тбилиси (1966), Баку (1967), Харьков (1975), Тәшкент (1977), Ереван (1981), Минск (1984), Нижний Новгород (1985), Новосібір (1986), Самара (1987) және Екатеринбург (1991) қалаларында қосылды.

Тәуелсіздіктің бесігі саналатын Алматы астаналық мәртебесінен айрылғанына қарамастан, еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өміріндегі рөлі өте зор. Қазіргі таңда ол тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия аймағындағы ең қарқынды дамып келе жатқан қала болып отыр. Алатаудың бөктеріндегі жасыл желекті бұл шаһар елдің жалпы жалпы ішкі өнімінің бестен бірін, ал мемлекеттік бюджетінің төрттен бір бөлігін береді. Мұнда Қазақстанның ең ірі жоғары оқу орындары мен жетекші ғылыми-зерттеу институттары шоғырланған. Студенттерінің саны жағынан қазір ол тұрғындарының бірнеше есе көптігіне қарамастан Мәскеудің өзін басып озды. Алматылықтардың үштен бірін бүгінгі таңда 16-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл оның Қазақстанның өсуі мен гүлденуіндегі орасан зор әлеуетін көрсетеді. Сондықтан Елбасы жыл сайын халыққа арнайтын дәстүрлі Жолдауында былтыр "Болашақ экономикасының секторы Алматы мен Астанада дамуы тиіс" дегенді айтты. Осы арада Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялап, конституциялық заңға қол қойған күннің ертесінде митингіде сөйлеген - "Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін", - деген сөздері еріксіз еске түсіп отыр. Қазір оның бәрі шындыққа айналды. Президенттің сарабдал саясатының арқасында Қазақстан 20 жылдыққа зор табыстармен келіп отыр. Оған Алматының да қосқан үлесі қомақты екеніне ешкім дау тудыра алмайды.

Алматы метрополитенінің тарихына көз жүгіртер болсақ оны салу, салмау мәселесі кеңестік дәуірдің сонау 70-жылдары көтерілген болатын. Қала қарқынды өсіп келе жатқанына қарамастан, сейсмикалық жағынан аса қауіпті аймақта орналасқандықтан, Алматы метрополитенінің салынуына қарсылық білдірушілер аз болған жоқ. Кеңес Одағында ол кезде метро миллион тұрғыны бар қалаларда ғана салынатын. Оның қажеттілігі Алматыда уақыт өткен сайын айқын сезіле бастады. Сондықтан ұзақ пікірсайыстан кейін 1980 жылы КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А. Косыгин арнайы үкімет қаулысына қол қойды. Ал 1981 жылдың желтоқсанында Алматының миллионыншы тұрғыны өмірге келгені туралы ресми ақпарат таратылды. Бұл метро құрылысын бастауға түрткі болып, Мәскеудегі "Метрогипротранс" институты метроның техникалық экономикалық негіздемесін және оның бірінші желісінің алғашқы кезеңінің жобасын жасауға кірісті. Бастапқы кезде КСРО Жол және қатынас министрлігі тапсырыс беруші болып, құрылыс жобасын түзету жұмысына Ленинградтағы "Ленметрогипротранс" институты қатысты. Алматы метрополитені туралы ресми мәлімдемені 1982 жылы Қазақстан Компартиясының 60 жылдығына арналған салтанатты жиында КПСС ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев жасады. Д. Ахметұлы республиканың одан әрі дамыту жолдарын айтқан кезде «Л. Брежневтің қолдауымен республика астанасында метро салу да көзделуде», деді. 1982 жылы 14 маусымда метрополтитен бекеттерінің атауы бекітілді. Алматы метрополитенінің алғашқы желісінің құрылысы КСРО Министрлер кеңесінің 1980 жылғы 4 тамыздағы №1537 ұйғарымы мен КПСС ОК-нің 1985 жылғы 21 ақпандағы қаулысында 1986-1990 жылдарға жоспарланды. Ал 1985 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев құзырлы органдарға әзірлік жасап, "Метроқұрылысы" өндірістік базасын құруды аяқтауға тапсырма берді.

Жалпы мамандардың сөзіне қарағанда, Алматыметрополитені құрылысын 4 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, 1981-88 жылдар аралығындағы дайындық кезеңі. Екіншісі, 1988-1993 жылдардағы белсенді кезең. Бұл құрылыстың басталуы оның белсенді фазасы болды. 1988 жылы 7 қыркүйекте сағат 16:25-те Фурманов пен Октябрдің 50-жылдығы атындағы даңғылдың қиылысында бірінші экскаватор қалағы Алматы метрополитенінің бірінші - «Октябрьская» бекеті құрылысы топырағын қазуды бастады. Үшіншісі, 1994-2000 жылдардағы күту режимі. Бұл кезде құрылыс күрт құлдырап, жобаны қаржыландыру ең төменгі шегіне жетті. Үкімет жылына 100 миллион ғана теңге бөліп отырды. Бұл 100 метрге ғана жететін. Соның нәтижесінде жылына 3 шақырымнан астам туннель қазуға мүмкіндігі бар Алматы метрошылары 1994 жылы - 300 метр, 1995 жылы - 176 метр, 1996 жылы - 152 метр, 1997 жылы - 90 метр ғана жерді қаза алды. Төртіншісі, жаңғыру кезеңі. 2003 жылы 10-ақпанда ҚР Президентінің «Алматы қаласын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» № 1019 Жарлығы шықты. Бұл бағдарламаға метро құрылысы енгізіліп, қаржыландыру көздері мен көлемі нақты айқындалды. 2006 жылы ақпанда Алматының сол кездегі әкімі И. Тасмағамбетов «Райымбек» пен «Алатау» бекеттері аралығындағы бірінші желіні 2009 жылы пайдалануға беруді қамтамасыз етудің кешенді шараларын бекетті. Алайда әлемдік қаржы дағдарысы оған өз ықпалын тигізді. Осы арада жыл сайын айтарлықтай қомақты қаржыны қажет ететін метро құрылысын тоқтатып, оған жұмсалатын қаржыны басқа мақсатқа пайдалану керек деген пікірлердің де болғанын жасыруға болмайды. Бұл мәселені тіпті мемлекеттің басты заң шығарушы органы саналатын Парламент депутаттары да көтерді. Атап айтқанда мұндай ұсынысты 2010 жылы Мәжілісте депутат Амангелді Момышев да жасады. Дегенмен жалпы жұртшылық бұл мәселеге түсіністікпен қарап, қаланың көліктік және экологиялық мәселесін шешуде метроның маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Жалпы қаланың Бас жоспарына сәйкес метроны аяқтау және пайдалануға беру үш желi бойынша кезең-кезеңмен iске асырылуда. Бiрiншi желiнiң құрамына жалпы ұзындығы - 8,56 шақырым болатын 7 бекет кiредi. Олардың орташа арақашықты 1,27 шақырым, ал ең қысқасы - 0,99 км, ұзыны - 1,61 км болады. Метро электропойыздары сағатына 40 шақырымдық жылдамдықпен жүріп, бір бекеттен екіншісіне жолаушылар 2-3 минуттың ішінде жететін болады. Метро пойыздары әр 4-4,5 минут сайын жүріп, жолаушылар көп жүретін уақытта ол 2-2,5 минутты құрамақ. Ал пойыздар бұл желіні 12 минутта жүріп өтпек. Онда қазақстандық стандарттар бойынша арнайы жасалған Оңтүстiк Кореяның «Hyundai Rotem» корпорациясы шығарған 4 пойыз қатынайды. Қазіргі кезде метроның Қалқаман кентіне бағытталған бірінші желiсiнің екіншші кезеңінің қазба жұмыстары жүріп жатыр. Ұзындығы 8,5 шақырым болатын бұл аралықта 5 бекет болмақ. Ал 8,6 шақырым болатын екінші желі "Райымбек" бекетінен 1-Алматыға дейінгі аралықты қамтып, 6 бекеттің арасын қоспақ. Метроның алғашқы желiсiнiң бiрiншi кезеңi сәттi iске қосылып кетсе, алдағы жылы метродағы жолаушылар ағымы тәулiгiне орташа есеппен 30 - 40 мың адам болмақ. Ал 2015 - 2020 жылдарға қарай бұл көрсеткiш 300 мың адамға жетедi деп күтiлуде. Райымбек даңғылынан басталатын метро қозғалысының алғашқы кезеңі Фурманов көшесi бойымен Абай даңғылына дейiн және одан батысқа қарай Гагарин даңғылына дейін созылады. Онда «Райымбек батыр», «Жiбек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы театр» және «Алатау» деп аталатын жетi бекет бар. Алматы метрополитенiн жобалау кезiнде қаланың таугеологиялық жағдайы, сейсмикалық және жағрафиялық орналасуы қатаң есепке алынған. Жобаның жалпы ұзақтығы жерасты тауы арқылы 21,74 шақырымды құрайды. Бұл озық технологиялармен салынған ең жаңа және қазіргі кезеңде еш теңдесі жоқ метро болғалы отыр. Мәселен қазба жұмыстарында пайданылатын техникаларды айтпағанның өзінде, жерасты жолына төселетін рельстердiң табанына жаңа әдiспен монолиттiк темiр-бетон қойылды. Жолдың үстiңгi қабаты да бүтiндей темiр-бетон құрылғыларынан жасалды. Ол қозғалыстың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп қана қоймай, жолдың пайдалану мерзiмiн де біршама ұзартпақ. Аталмыш технология қазiр тек Еуропаның жекелеген мемлекеттерiнде ғана қолданылады, ал ТМД аумағында ол Алматы метрополитенiнде тұңғыш рет пайдаланылып отыр. Ол 29 түрлі қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының метро көлігін пайдаланған кезде өзін барынша қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік бермек. Метро қызметі Алматы сияқты ірі қалада жолаушылардың діттеген жеріне жылдам жетуіне қолайлы жағдай тудырып қана қоймай, олардың көңіл-күйі мен жұмысқа деген ынтасын көтере түсері күмәнсіз.

Қазіргі таңда ірі қалалардағы жол-көлік қозғалысында қауіпсіздігі, жайлылығы және тартымдылығы жағынан әлемде метромен бәсеке түсетін бірде көлік түрі жоқ. Оның бұл артықшылықтарына енді 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ең бірінші боп алматылықтар көз жеткізбек. Бұл тәуелсіздіктің алтын бесігі саналатын жаңарған, жасарған Алматының болашағын бұрынғыдан да жарқын ететін жәйттердің бірі болмақ. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та метрополитен жұмысымен барысымен танысу кезінде «Бүгінгі Алматы бұдан 20 жыл бұрынғы қаламен салыстырғанда, сапасы мүлдем өзгерген қала», - деген болатын. Осындайда бұрынғы ата-бабаларымыздың «50 жылда ел жаңа десе, жүз жылда қазан» деген сөзі еріксіз түседі. Өйткені жасампаздықтың жарқын үлгісін көрсетіп, қысқа уақыттың ішінде Сарыарқадан әсем Астананы тұрғызып, әлемдік деңгейдегі үлкен басқосуларды өз төрінде өткізіп жүрген Қазақстанның алар асуы әлі алда екеніне қазір ешкім күмән келтірмейді.

Соңғы жаңалықтар