Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті
Асхан Мархабайұлы ол жерде өз еркімен басшылық қызметтен кетіп бара жатқанын хабарлаған және ол мұндай шешімді ұзақ ойлана келе қабылдағанын жазған. Енді А.Байдувалиев бар білімін басшылық қызметке емес, ғылымға жұмсағысы келеді екен. Сондай ақ ол Денсаулық сақтау министріне, облыс әкіміне және бірге жұмыс істеген әріптестеріне алғысын жаудырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеген.
Естеріңізге сала кетейік, Асхан Мархабайұлы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына 2015 жылдың сәуір айында тағайындалған болатын.
Асхан Мархабайұлы 1972 жылы туған. Қарағанды медицина институтын және С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің магистратурасын бітірген, мамандығы - дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің урология кафедрасының ассистенті болып бастады. Кейін Алматы қаласындағы Қазақстан медициналық университеті урология кафедрасының меңгерушісі, Алматы облысында «Қарасай ауданының емханасы» МКК директоры болып еңбек етті.
Айта кету керек, бұған дейін облыстық білім басқармасының басшысы болған Ләззат Базарқұлова да өз еркімен жұмыстан кетіп қалған болатын.