Алматы облысы шетелдіктер үшін тартымды бола бастады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы шетелдіктер мен қазақстандықтар үшін тартымды бола бастады. 2016 жылы облыс аумағына келіп, ресми тіркелген шетелдік азаматтар туралы ақпаратты жариялаған өңірдің полиция қызметі осындай қорытынды шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2016 жылы облыс аумағына шамамен 265 мыңнан астам шетелдік азамат келген. Олардың саны осының алдындағы жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артып отыр. Келушілердің өңірде болу мақсаты да әртүрлі. Бірі турист ретінде табиғат сұлулығын көзімен көргісі келсе, екіншісі іскерлік мақсатта, үшіншісі жеке мәселелері бойынша Алматы облысының аумағында болған. Осының өзі-ақ Жетісу өлкесінің тартымды аймаққа айналып отырғанын аңғартады», - делінген облыстық ІІБ таратқан мәліметте.
Айта кетерлігі, 2016 жылы Алматы облысының аумағында тұратын 3136 адам Қазақстанның азаматтығын алған. Бұдан бөлек, былтыр кәмелетке толғанымен жеке басын куәландыратын құжаты болмаған облыстың 1185 тұрғыны Қазақстанның толыққанды азаматы ретінде құжаттарын рәсімдеген.