Алматы облысында 1200 жанұя қоныс тойын тойлады
Бағдарламаға қатысушылар арасында мемлекеттік қызметшілер, көп балалы отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы және басқа да санаттағы азаматтар бар.
Жаңа пәтер иелерін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Самұрық Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Болат Палымбетов және «Элитстрой Групп» ЖШС президенті Қайрат Оразбеков құттықтап, кілттерді табыстады.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа кезекті Жолдауында инфрақұрылымдардың, тұрғын үй құрылысының әрі қарай дамуына жаңа серпін берді. Ағымдағы жылғы 11 айда облыста жалпы көлемі 670,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Алдағы уақытта да қоныс тойын тойлаушылар қатары көбейетін болады, - деді облыс әкімі А.Баталов өз сөзінде.
Мұнан соң жаңа қоныс иелері Елбасына, «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырған барша азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Лента қию және шашу жоралғысынан кейін салтанатты шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
«Асыл Арман» кешені тоғыз қабатты 21 үйден тұрады, жалпы алаңы 320 мың шаршы метрден астам, оның ішінде тұрғын алаңы - 260 207 ш.м. Осы жоба шеңберінде жалпы есебі бір, екі және үш бөлмелі 5088 пәтер құрылыс жүргізу жоспарланған, олардың алаңдары 32,7 шаршы метрден 71,3 мың шаршы метрге дейін болмақ.
2014 жылы бірінші кезектегі 9 үй - 2328 пәтер пайдалануға берілді. 2015 жылдың бірінші жартысында қалған 2760 пәтерге жаңа иелері қоныстанатын болады.