Алматы облысында 200-ден астам сарбаз Әскери ант қабылдады (ФОТО)

Қолына қару алған жауынгердің өміріндегі маңызы зор, айтулы сәтке «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшы құрамы, аталмыш әскери бөлімдердің ардагерлері мен жеке құрамы, сондай-ақ ант қабылдаушылардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауынгерлдердің қатарын Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарының өкілдері құраған. Олар осыған дейін, бір ай бойы әскери қызметтің қыр-сырымен танысып, Отан қорғаушыға қажетті жауынгерлік дайындықтан өтіпті.
Өзінің құттықтау сөзінде ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Нұрбай Бектұрсынов жауынгерлерді Әскери антқа адал болуға шақырды.
«2016 жылды құқықтық тәртіп әскерлері - Ұлттық ұлан «Тәуелсіздік - тұғырымыз, Отанға қызмет міндетіміз» атты ұранмен бастағанын білесіздер. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде тәуелсіз еліміз - Қазақстан Республикасы экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды. Біз бұл жетістігімізге ұлт пен ұлыстың татулығы, демократияның берік негіздері мен отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі сондай-ақ, елім деген есіл ерлердің ерен ерліктері арқасында қол жеткіздік. Сіздер де сабақтастықтың алтын жібін үзбей, тәуелсіздік күзетіндегі жаужүрек жауынгерлер болуларыңыз қажет»,- деді полковник Нұрбай Бектұрсынов.
Әскери бөлім командирі полковник Нұрлан Мұстафин де жауынгерлерге ізгі тілегін білдіріп, ата-аналарды әскери бөлімге ашық есік күніне шақырды.
«Мен өз еркіммен әскер қатарына келдім. Бүгін мені құттықтау үшін Қостанайдан анам мен бауырларым келді. Үйдің үлкені өзім болғаннан кейін артымнан еріп келе жатқан інілеріме үлгі болғым келеді», - деді ант беруші жауынгер Денис Саганаш.
Айта кетелік, аталмыш әскери бөлімнің міндетіне төтенше жағдайлар мен табиғи және техногенді апаттардан халықты құтқару жұмыстары кіреді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қазақ халқының біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атын иелеген әскери бөлімде Отанға Ант берген жауынгерлер ел басына күн туғанда батыр бабаларымыз секілді өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратындықтарына сенімді.