02:39, 28 Наурыз 2015 | GMT +5
Алматы облысында 2018 жылға дейін 51 жаңа мектеп салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында 2015 жылы білім мекемелерін қаржыландыруға 112,9 млрд. теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 млрд. теңгеге артық, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова хабарлады.
Қазіргі уақытта білім беру саласында апатты, үш ауысымды, шағын жинақталған мектептер және бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселелері негізгі бағдарға алынып отыр. Облыстың қадамдық жоспарына сәйкес апатты 6 мектептің орнына 2015 жылы 5 мектеп, ал 2016 жылы 1 мектеп салынады. Үш ауысымды 59 мектептің мәселесін жою мақсатында 2018 жылға дейін 51 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 20-сы жергілікті бюджеттен қарастырылмақ. Сонымен қатар биылғы жылы 107 балабақша мен шағын орталықтар ашу жоспарланған.