14:00, 08 Қаңтар 2019 | GMT +5
Алматы облысында 22 көлік қар құрсауынан шығарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Сарыөзек-Қоғалы тас жолында қар құрсауында қалған 22 көлік шығарылды. Кербұлақ аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері 55 адамға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 7 қаңтарында қатты жел салдарынан Сарыөзек-Қоғалы тасжолында қар борап, 55 адам мінген 22 автокөлік қар құрсауында қалып қойған. 55 адамның 15-і - бала. Апаттық-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 8 адамы мен жол қызметінің жұмысшылары қатысып, көліктерді қауіпсіз жерге шығарған. Эвакуацияланған жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.
Ал 6 қаңтардан бері боран салдарынан Үшарал-Достық тасжолының 83-184 шақырым аралығы жабылған. Ауа райының күрт бұзылуына орай Алматы облыстық ТЖД мамандары жолға шықпауға кеңес береді. Жол жабылды деген СМС-хабарламаларға құлақ асып, мүмкіндігінше сапарды шегеру керектігін ескертеді.