Алматы облысында 4 жыл бұрын бір үйір жылқы ұрлаған барымташы ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында төрт жылдан астам уақыт бұрын 7 жылқы ұрлаған барымташы қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы ПБ ЖПБ қызметкерлері Ащыбұлақ ауылының 53 жастағы тұрғынын ұстады. Ол ұсынылған дәлелдермен әшкереленіп, 2017 жылдың маусым айында Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ ауылының жанындағы жайылымнан жылқы ұрлағанын мойындады. Күдікті 73 жастағы жергілікті тұрғынға тиесілі жалпы сомасы 1 050 000 теңгеге бағаланған бір жарым жастағы 7 жылқыны қолды қылған. Оның үйінен жылқының үшеуі табылып, иесіне қайтарылды. Қалған 4 жылқы мал базарында сатылған.
«Осыған байланысты ол 600 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражат түріндегі материалдық шығынды өтеуге келісті. Жәбірленуші полицейлерге қылмысты ашқаны үшін алғыс айтты. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді»,- делінген Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

