18:06, 29 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Алматы облысында 56 млн. теңгеге жуық автокөліктің VIP номерлері сатылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында актокөліктердің VIP номеріне сұраныс жоғары болды. Жыл басынан бері 145 ақылы номер сатылған. Ең қымбат номерден түскен қаржы 10 млн 500 мың теңге болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзекованың айтуынша, халықтың сұранысына 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009 номерлері ие. Жалпы сомасы 10 млн 500 мың теңгеге 22 дана 007 номері сатылған. Бұл - халықтан көп сұраныс түскен номер.
Алайда, Алматы облысында ақылы номерге деген қызығушылық сәл де болса азайған. Мәселен биыл 55 млн 837 мыңға номер сатылса, былтыр бұл көрсеткіш екі есе жоғары болған. 341 номер сатылып, одан түскен қаржы 118 млн теңгеге жеткен. Айта кету керек, түскен қаржы мемлекет қазынасына құйылады.