Алматы облысында 60 шақты ауылдық кәсіпорын ірі кооперативке бірігуде

28 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар өкілдерімен «АӨК Сауда корпорациясы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жөнінде кездесу өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Мал дәрігерлер қауымдастығы бастаған бастамашыл топ Алматы облысындағы 60-тан астам мал шаруашылық кешені басшыларына өндіріс көлемінің өсуі есебінен табысты арттыру, ет сапасын жақсарту және Қазақстан, Ресей, Иран, Қытай және басқа да бірқатар елдердегі өткізу нарықтарын кеңейту үшін кооператив құруды ұсынды. Аталмыш кооператив мал, құс, балық өсіретін шаруашылықтарды, сонымен қатар мал өсіретін кешендерді азықпен қамтамасыз ететін өсімдік шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді.
«АӨК Сауда корпорациясы» кооперативінің стратегиялық мақсаты елдің экспорттық әлеуетін көтеру болып табылады. Аталмыш кооперативті құру отандық өндірушілердің кепілдіксіз кредит, субсидия алуына мүмкіндік береді. Ал өндірілген өнімді өткізуде арнайы салық режимін қолдану Қазақстаннан сапалы ет экспорттау жөнінен ДСҰ және ЕАЭО нарықтарында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.