17:53, 15 Ақпан 2013 | GMT +5
Алматы облысында апатты жағдайда қонған тікұшаққа байланысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Алматы облысында апатты жағдайда қонған тікұшаққа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін болған брифингте Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Әлжаппар Саретбаев мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады. Мәселенің ақ-қарасы анықталған соң, тиісті шаралар қабылданады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы облысының Бақанас елді мекенінің маңында «Zhersu Avia» ЖШС-не қарасты Bell 206L3 тікұшағы мәжбүрлі түрде қонды. Ол Бұрындай-Қараөзек бағыты бойынша ұшып бара жатқан.
Тікұшақ ішінде 4 жолаушы (оның 3-еуі Украина азаматтары) және 1 экипаж мүшесі, яғни тікұшақ командирі болған.
«Қазіргі уақытта жолаушылар Бұрындай әуежайына жеткізілді. Оқиға орнында арнайы кұрылған комиссия жұмыс істеуде», - деп атап өтті Ә. Саретбаев.