22:47, 15 Наурыз 2014 | GMT +5
Алматы облысында ауыл келіншегі бетперде киген қарулы қылмыскерлерге тойтарыс берді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Қырбалтабай ауылындағы тұрғын әйел өзінің үйіне қылмыстық ниетпен баса-көктеп кірген екі қарулы ер адамға лайықты тойтарыс берді.
Қылмыс Еңбекшіқазақ ауданында тіркелді. Бетперде киіп, пышақпен қаруланған екі ер адам үйге баса-көктеп кіріп, ақша тауып беруін талап еткен, алайда 30 жастағы үй иесі келіншектің қарсылығына төтеп бере алмай, ығысуға мәжбүр болған.
Еңбекшіқазақ АІІБ полицейлері жедел түрде тонаушылыққа күдікті екі адамның да аты-жөнін анықтады. Олардың біреуін ізін суытпай қолға түсірді. Екіншісі бір тәуліктен кейін ұсталды.
Еңбекшіқазақ АІІБ-да ҚР ҚК-нің 2-бөлімі 170-бабы - «тонаушылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Екі күдікті де уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. Олардан алынған бетперде, суық қару заттай айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді.