18:23, 27 Қараша 2015 | GMT +5
Алматы облысында ажырасу саны артып келеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ресми мәліметтер бойынша, Алматы облысында жыл басынан бері 11 564 неке қиылды. Осы уақытта аймақта 4 088 отбасылық жұп ажырасқан, бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83 фактіге көп.

«Ажырасудың жиілеуіне отбасылық-тұрмыстық қатынастағы жанжалдар себеп болады. Осыдан кейін жалғызбасты аналардың, сондай-ақ, алимент төлеуден жалтаратын ер адамдардың саны және аймақта қылмыс санының өсуіне әсер ететін өзге де факторлар көбейеді», - дейді облыстық ІІД-нің әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Толқын Кемелова.
Полицейлердің талдауына сәйкес, 2015 жылы облыс аумағында әйелдер зардап шеккен 17 қылмыс тіркелді. 5 әйел өлтірілді, тағы бесеуі ауыр жарақат алған, жетеуінің денсаулығына орташа зиян келтірілді.