18:05, 11 Қаңтар 2015 | GMT +5
Алматы облысында барымташы әйел бір үйір жылқыны айдап кетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бір үйір асыл тұқымды жылқыны барымталап кеткен әйел ұсталды.
Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға Балқаш ауданында болған. Жергілікті полиция бөлімшесіне сол ауданда шаруа қожалығы бар алматылық азамат жылқыларының жоғалғандығы туралы хабар берген.
Жоғалған малдың құнын арызданушы 4,5 млн.теңгеге бағалап отыр. Полиция қызметкерлерінің белсенді әрекеті арқылы сол фермада жұмыс істеген 1969 жылғы әйелге іздеу жарияланып, көп ұзамай қолға түсті. Тергеу барысында ол кінәсін мойындап, жарты жылқыға иен далада ие бола алмай қалғанын айтқан. Қазіргі уақытта әйел адамның айтқан мекенжайлары арқылы полиция қалған малдың жартысын иесіне қайтарды.