08:46, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматы облысында бруцеллезбен ауырғандар көбейіп келеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының Мемлекеттік-санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметі бойынша,
2008 жылы өңірде бруцеллезбен ауыру оқиғалары көбейген: ересек азаматтардың арасында бұл дертке шалдыққандардың саны 316-дан 528-ге дейін, ал балалар арасында 30 оқиғадан 54-ке дейін өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әсіресе, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Райымбек, Сарқант аудандары мен Талдықорған қаласындағы жағдай онша емес. Бұл аурудың балалардың арасында артуы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Балалар арасында бруцеллез ауруы Еңбекшіқазақ және Ақсу аудандарында көп тіркелген. Ескелді және Еңбекшіқазақ аудандарының екі ауылында тіпті бұл аурудың ошақтары тіркелген. Эпидемиолог-дәрігерлердің айтуынша, аталмыш дерттің көбеюіне малдардың арасындағы эпизоотикалық жағдайдың нашарлығы, зарарсыздандыру қондырғыларының жоқтығы, ауру малдардың көздері дер кезінде жойылмауы себеп болып отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті облыстық аумақтық инспекциямен бірлесе отырып, аталған аудандарда инспекциялар ұйымдастыруда, өзекті мәселелерді жергілікті үйлестіру кеңестерінің талқысына салуда. Ескелді ауданының әкімдігі дерт ошақтарында іс-шаралар жүргізуге 1,5 миллион теңге бөлді.