Алматы облысында дәрігерлер ата-анадан баласының өлімі жайлы шу шығармауды өтінген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында іші ауырып, ауруханаға түсіп, артынша қайтыс болған баланың ата-анасы әділдік іздейді. Баласынан айырылған жандар жауапты мамандар әділ жазадан құтылып кетеді ме деп үрейленеді. Себебі, дәрігерлердің өзі олардан баланың өлімі жайлы шу шығармауды өтініп, өзара келісейік деп те ұсыныс жасаған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Оқиға Көксу ауданындағы ауруханада болған. 12 қаңтар күні баланың анасы Гүлзира Шәкен ұлымен ауруханаға түседі. Анасының сөзінше, үш күндік емнен кейін баланың беті бері қарап, жағдайы жақсарған. Тіпті төртінші күні үйлеріне қайтамыз деген де үміт болған. Алайда, бір жарым жастағы Ақжолдың күре тамырына салынған системадан кейін бала қайтыс болды, дейді ата-анасы.

null 

«Бастапқыда баланың мойынының оң жағындағы күре тамырға система салды. Қан үйіп қалған ба, білмеймін. Дәрі жүрмеді. Содан кейін сол жақ күре тамырына система салып, маған қарап отырыңыз деп кетіп қалды. Қарасам баланың мойнынан қан ағып жатыр. Жүгіріп, дәрігерлерді іздедім. Шамамен таңертеңгі сағат ондар шамасы. Ас бөлмеге барсам бәрі шәй ішіп отыр екен. Мойнынан қан кетіп жатыр деп едім, барлығы жүгіріп келді. Бірақ қанды тоқтата алмады. Бала қансырап өлді», - дейді баланың анасы Гүлзира Шәкен.

Ата-ананың ойындағы бар күдік дәрігерлер баланың күре тамырын жарып жіберген деп санайды.   

«Менің балам мал емес, күре тамырға ине тығатындай. Егер баланың жағдайы ауыр болса, неге дәрігерді облыстан шақыртпады. Бізге облыстан дәрігерлер келеді деді. Бірақ келмеді. Бізді алдады» дейді, ұлдың әкесі Әкпәр Нұржұма.  

Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр болғанын айтып отыр. Бірақ баланың өкпесіне суық тиген деген пікірмен ата-анасы мүлдем келіспейді. Мамандар, жалған ақпарат беріп жатыр деп наразы. Тіпті Ақжолдың ауырғандағы құжаттарын өзгертіп, өздеріне ыңғайлы етіп жатыр деген сенімде. Ал көз жұмған Ақжолды емдеген дәрігер-анестезиолог Владимир Ким баланың өмірін сақтап қалуға тырыстық дейді.

 null

«Бала ағзасында инфекция болды. Ол соны көтере алмады. Тіпті балада тырыспа да болды. Ауру асқынып, мида ісіктің пайда болуына әкелді».

1,5 жастағы ұлдарының өлімі ата-ананың жүрегін қан жылатты. Олар Ақжолдың дүниеге келгенін 10 жыл бойы күткен. Енді олар жауапты дәрігерлер жауапкершіліктен құтылып кетеді ме деп қорқады. Сотқа жүгінгелі отырған ата-ана Көксу аудандық ауруханасының дәрігерлері әділ жазасын алса деп тілейді.

Соңғы жаңалықтар