Алматы облысында екі мас адам отырған көлік санитарлық бекетке тоқтамай өтіп кеткен
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Алакөл ауданының полицейлері төтенше жағдай кезінде бірден 6 құқық бұзушылық жасаған екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 22.00 шамасында Көлбай ауылында тұратын 48 жастағы адам ішімдік ішкеннен кейін «Иж2715» автокөлігін басқаруға берген 59 жастағы досы көрші ауылдан Көлбай ауылына жолға шыққан. Елдімекенге келе жатып, олар «Алматы-Өскемен» автожолының 480-шақырымында орналасқан санитарлық бекетте полиция қызметкерлерінің аялдау туралы заңды талабын орындамай, өте шыққан.
Кейін қабылданған шаралар нәтижесінде тәртіп бұзушылар мінген көлік тоқтатылды. Алайда, рөлде отырған ер адам билік өкіліне бағынбай, ал оның жолаушысы полицейлерді балағаттаған. Осыған орай ҚР Қылмыстық кодекстің 379, 378-баптарына сәйкес «билік өкіліне бағынбау», «билік өкілін қорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Медициналық куәландыру барысында екі азаматтың да мас күйде екені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Сонымен қатар, олардың әрқайсысына ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік иесі ішімдік ішкен азаматқа көлігін басқаруды табыстағаны үшін, екіншісі көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Қазір көлік арнайы тұраққа қойылды.