Алматы облысында ер адамды соғып, оқиға орнынан ізін суытқан БМВ көлігінің жүргізушісін ұстады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 8 наурызда түнде Алматы облысы «Алматы-Көкпек-Көктал» тас жолының 107 шақырымында белгісіз көлік 25-30 жастағы ер адамды соғып кетті. Жапа шегуші қаза тапты. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытқан.
None
None

Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Лавар ауылының маңында болған. Оқиға орнында полицейлер жасырынған көліктің кузовының бояуы мен фара шынысының сынықтарын тапты. Осы бөлшектер бойынша көліктің маркасы «БМВ-524» болғаны анықталды.

«Жедел іздестіру шаралары барысында Еңбекшіқазақ АІІБ қызметкерлері облыстық жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің көмегімен Шелек ауылындағы үйлердің бірінде көлігін жасырмақ болған Панфилов ауданының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Табылған автомобильдегі ақаулар оның жол-көлік апатына қатысы бар екенін растады», - деп хабарлады Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінде.

Аталған факт бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіле бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ұсталған адамның көлігі арнайы тұраққа жеткізілді.

«Жол-көлік апатында қаза тапқанның құжаттары болмағандықтан, туыстарына хабарлау үшін оның кім болғанын анықтап жатырмыз», - деді облыстық полицияда.

Соңғы жаңалықтар