Алматы облысында фермер қазақтың ақбас сиырларын өсіріп жатыр (ФОТО)

Қаратал ауданындағы «Алтынбай» шаруа қожалығында 90-нан астам бас ірі қара бар.
Фермер ісін 20 бас ірі қара өсіруден бастады. Облыстағы жағдайды зерттеп, осы бағытты дамытуға бел байлады. Өткен жылы шаруа қожалығы 40 бас қазақтың ақбас сиырын, биыл тағы 21-ін сатып алды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Алтынбай» шаруа қожалығы мемлекеттік қолдауға қатысудың арқасында мал асырайтын қоралары мен ғимараттарын қалыпқа келтірді.
«Асыл тұқымды малды өсіру үшін ветеринарлық және санитарлық талаптарға сәйкес орын қажет. «Даму» қорының көмегіне жүгініп, банктен несие алдық. Ғимаратты қалпына келтіру үшін 5 млн теңге несие рәсімдедік. Несиенің пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет өтейді, бұл тиімді» - деді Айтжан Тыңәлиев.
Фермер өз қаражатына 50 бас ірі қараға арналған мал жемдейтін орын салды. Қысқа шөп әзірледі. А. Тыңәлиевтің мал басын 290-ға жеткізу жоспары бар.