Алматы облысында газ құбырының кезекті тармағының ашылуы болды

Газ құбырының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов қатысты.
С.Үмбетов, Қарғалы - Ұзынағаш - Жамбыл - Қарақыстақ ауылдары арқылы өтетін, енді Аққайнар ауылына дейін тартылған, жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын газ құбырының құрылысы 2008 жылы басталғанын атап өтті. Құрылысты 731 млн. теңге көлемдегі өз қаражаты есебінен «Тәуекел-Т» ЖШС жүргізді.
Облыс басшысы сондай-ақ, 2007 жылдан бері өңірде Алматы облысының аудандары мен қалаларын газдандыру бойынша 2007-2015 жылдарға бағытталған облыстық бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Бағдарламаны жүзеге асыруға 2007-2009 жылдары облыстық бюджеттен 809 млн. теңге бөлінген болса, биыл бұл сома 270 млн. теңгені құрады.
Соңғы жылдары газ 44 елді мекенге тартылды. Сонымен бірге, «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральді газ құбырының жобасы іске асуда. Оған 6,3 млрд. теңге бағытталып отыр.
Аталмыш жоба Іле және Талғар аудандарын газбен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, Қапшағай бағытындағы тұтынушыларды газ құбырына қосылуға жағдай жасайды. Сондай-ақ құрылыстары жоспарланған «G-4 city» серіктес қалаларды, «Жаңа Іле» көпбағытты туристік кешенін, сонымен бірге Алматы қаласының сыртына шығарылып жатқан өндірістік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз етпек.