Алматы облысында карантин режимін бұзған 2 адам қамауға алынды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында карантин режимін бұзған 211 азаматқа хаттама толтырылды. 194 іс сотқа жөнелтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Бамұхамбетовтің мәліметінше, өңірде карантин жарияланса да режимді бұзып, тәртіпке бағынбай жатқандар әлі де көп. Атап айтқанда, тұрғындар санитарлық бекеттерден өтіп кетуге әрекеттену, белгілі бір себепсіз көшеде жүру, көлікте үш адамнан артық отыру сияқты карантин талаптарын орындамауда.
«Біздің қызметкерлерге келетін болсақ: бүгінгі күні 200-ден аса хаттама толтырылып, 194 сот арқылы өтіп, 4 млн 800 мыңға айыппұл салынды. Оның ішінде екі адам қамауға алынып, 13 ескерту жасалды», - деді бас санитарлық дәрігер.
Қазіргі сағатқа тіркелген 41 жағдайдың 7 науқас сырттан келген. Қалған 34 жұқтырған азамат жергілікті тұрғындар. Қайрат Баймұхамбетовтың айтуынша коронавирус облыс аумағында бар. Ал оның таралуын тоқтату үшін тұрғындар үйде отыру керек.
«Вирус біздің ауада, қоршаған ортада бар. Қалған жетеуі сырттан келсе, қалғаны жергілікті жағдай. Сондықтан халыққа айтатыным үйде отыру керек. Ортада жүргенде маска кию керек. Қоғамдық көлікті тоқтаттық. Ауыл арасында да ешқандай көлік жүрмейді. Жұмыста 70 пайыз қашықтан жұмыс істеу керек. Егер осыны сақтап, вирустың таралу шынжырын үзсек, карантиннен де уақытында шығамыз», деп атап өтті Қайрат Баймұхамбетов.