Алматы облысында күйеуі әйелін, әйелі күйеуін өлтірді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. 3 шілде. ҚазАқпарат - Үштөбе қаласының ауруханасына соққыға жығылған 36 жастағы әйел жеткізіліп, есін жинамастан көз жұмды.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша, жәбірленушінің өлімі бауыры мен ұлтабарының жарылуынан, іш құрылысының жарақатынан болды. Ізін суытпай жергілікті полицейлер жәбірленушінің жұбайын қолға түсірді, ол зайыбын отбасылық жанжал кезінде ұрып-соққанын мойындады.

Осыған ұқсас оқиға Көксу ауданында да тіркелді. Мұндағы Көксу стансасында өз үйінде 1987 жылғы ер адамның мәйіті табылды. Тексеру барысында полицейлер жәбірленушінің кеудесіне пышақ салудан мерт болғанын анықтады. Адам өлтіру қылмысындағы күдікті ретінде жәбірленушімен бірге тұрған азаматша ұсталды. Ол қылмысты алкогольдік ішімдік ішкен кезде жасағанын түсіндірді. Жігіт өлтірілген пышақ қылмыстық істің материалдары қатарына қосылды.

Қазіргі уақытта екі факті бойынша күдіктілер қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 103 және 96 бабы бойынша тергеу басталды.

Соңғы жаңалықтар