Алматы облысында мал азығын даярлайтын зауыт ашпақ (ФОТО)
Облыс әкімі алғаш барған нысан - Жоламан ауылдық округіндегі «Шадиев» ЖШС-ның мал бордақылау алаңы. Жоба қазақ-өзбек бірлескен инвестициялық жобасының негізінде жүзеге асырылған. Жалпы құны бір миллиардқа жуық теңгені құрайды. Шаруашылық басшысы Фазыл Шадиевтің айтуынша, инвестиция қаржысы тиісті инфрақұрылымы бар алты ірі сиыр қора салуға және бір жарым мың бас аналық, бес Ангус етті тұқымды бұқалар мен қажетті техника сатып алуға жұмсалған. Етті Өзбекстанға экспорттау, танымал «Беккер» шұжық компаниясына өңдеуге өтікізіп, өз фирмалық дүкендері арқылы сату көзделіп отыр.
Сонымен қатар серіктестікке тиесілі төрт жүз мың гектарда жақын арада ірі қараны бос жіберетін орын, жем азығы түйірлерін шығаратын шағын зауыт салу да жоспарда бар.
Облыс басшысы мұндай жақсы бастамаларға қашанда қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов «Қызылшоқы» ЖШС-ның егіс алқабын аралады. Алқапта жиын-терін жұмыстары басталып та кеткен. Шаруашылық басшысы Ибен Машарбетов келген делегацияға жұмыстың жай-күйін баяндап берді. Жыл сайын мұнда гектарынан 24-25 центнерден өнім алынады. Бидайдан бөлек мұндағы 1500 гектар жерге арпа, зығыр өсіріліп отыр. Шаруалар облыс басшысына биылғы жылы мол жиналғалы тұрған өнімді өткізу мәселесіне жәрдемдесуді сұрады. Амандық Баталов сол жерде тиісті лауазымды азаматтарға осы мәселеге байланысты тапсырма берді. Комбайн және трактор жүргізушілерімен емен-жарқын әңгімелесіп, қиын да жауапты іс атқарып жүрген еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, бұл күні «Арқарлы» шаруа қожалығының алқабында болып, шөп жинау науқанының барысымен танысты. Және «Ақбасов» ЖК-ның Сарыөзек кентіндегі ет комбинатына барып көрді.
Мұнда шұжық, қысқа шұжықша, ұнтақталған ет дайындалып, облыстағы сауда орындарына жөнелтіледі. Комбинат бір күнде отыз ірі қараның етін өңдей алады. Комбинаттың ашылғаны жергілікті мал өсірушілерге тиімді болған. Олар мұнда бүгінге дейін алты жүзден астам бас мал өткізіп үлгеріпті. Ал кәсіпорын 17,5 тонна дайын өнімін саудалаған. Облыс әкімі сапарын қорытындылай келе, ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудің тиімділігіне тағы бір тоқталып, кооперацияның Алматы маңында азық-түлік белдеуін дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрғындарды сапалы да тиімді бағадағы азық-түлікпен қамту мәселелеріндегі маңызын атап өтіп, осы бағытта тиісті органдарға тапсырмалар берді.