12:28, 11 Қаңтар 2019 | GMT +5
Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан 3 қылмыстық топ ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан 3 қылмыстық топ ұсталып, 9 мал ұрлығы әшкереленді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, 5 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері 5 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар Кеген ауданының аумағында 3 рет мал ұрлығын жасап, 88 бас жылқыны барымталаған. Сонымен қатар, сол күні Іле ауданында қой ұрлаумен айналысып келген тағы да 5 адамнан тұратын топтың қылмысы әшкере болды. Ұрылар осы уақытқа дейін 240 бас қойды қолды қылған.
Ал 6 қаңтарда Жамбыл ауданының 4 тұрғыны өңірде 27 жылқы ұрлағаны үшін қолға түсті.
«Қазіргі уақытта ұрланған малдарды іздеу және заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 12 жылқы мен 51 қой табылып, иелеріне қайтарылды. ұсталғандардың өзге де ашылмаған қылмыстарға қатысы тексерілуде», - деді министрліктен.