19:14, 10 Қазан 2012 | GMT +5
Алматы облысында мас бұзақының қолынан 4 адам зардап шекті, олардың біреуі ауруханада көз жұмды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 10 қазан. ҚазАқпарат - Талғар қаласында араққа сылқия тойған мас бұзақының қолынан қаланың 4 тұрғыны зардап шекті. Олардың біреуі алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер қалған жәбірленушілердің өміріне араша түсуде.

Талғар АІІБ-нің полиция қызметкерлері 26 жастағы ер адамды ұстады. Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл қылмыстың орын алуына компьютерлік клуб қызметкерлерінің бірімен болған дау-дамай себеп болды.
Күдіктіге қатысты кісі өлтіру және адам денсаулығына қасақана зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол Талғар АІІБ - нің уақытша ұстау абақтысына қамалды.