08:29, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматы облысында нәрестелердің шетінеу оқиғалары көбеюде
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында 2008 жылдың 12 айында жаңа туған 551 нәресте шетінеген,

2007 жылы бұл көрсеткіш 330 нәрестені құраған. Бұл туралы өткен жұма күні өткен 2008 жылға арналған қорытынды алқа отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Маралбек Мейірбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Барлық оқиғалардың 64,1 пайызын перинатальды шетінеу фактілері құраған. Оларға негізінен білікті дәрігерлердің, заманауи жабдықтардың жоқтығы мен реанимация жүйесінің жетімсіздігі себеп болып отыр, дейді облыстың бас дәрігері. Оған қоса, Қаратал ауданында нәресте өлімін жасырып қалу фактілері орын алған. Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықовтың айтуынша, 2009 жылдың екі айында Алматы облысы бойынша 50 жаңа туған нәресте шетінеп отыр. «Мұндай фактілер болмас үшін, әрбір ауыр науқаспен бас дәрігердің өзі айналысуы керек. Ол тәулігіне 20 сағат жұмыс істеуі керек», деп атап көрсетті Б.Садықов.