18:54, 20 Қараша 2015 | GMT +5
Алматы облысында рэкетирлер ресейлік алыс сапарға жүк таситын көлік жүргізушісін тонамақшы болған
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Междуречинск-Чапаево» тас жолында үш белгісіз біреулер жүк көлігін жол шетіне ығыстырып, «Nexia» көлігімен жолын бөгеп, РФ Калужск облысының алыс сапарға жүк апара жатқан 45 жастағы жүргізушісін тонамақшы болған.

Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, өз кабинасынан түспей, іштен жауып алған жүргізуші ұялы телефон арқылы полицейлерге иномарканың маркасы мен нөмірін айтып хабарласқан. Артынша осы жолды торуылдайтын полицейлерге бағдар берілді. Соңынан қуған полиция «Nexia» көлігін, оның ішіндегі 20-28 жас аралығындағы үш күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта оларды Іле АІІБ-де қамауға алды.
Тонауға әрекет ету фактісі бойынша сот алды тергеу шаралары басталды, деп атап өтті облыстық полициядан.