Алматы облысында шаруалар абайсызда жылыжайларын өртеп алған - ТЖК

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің бастығы Владимир Беккер елімізде су тасу кезеңі аяқталғанымен, өрт қаупі жағдайы жақындап келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында шаруалар абайсызда жылыжайларын өртеп алған - ТЖК

«23 сәуірде өрт қаупіне дайындық мәселесі бойынша Үкімет отырысы өтеді. Күні кеше ғана еліміздің әртүрлі өңірлерінде табиғи өрт жағдайлары тіркелді. Тілсіз жау ауыздықталды. Десе де, су тасқыны кезеңінен енді өте бастағанда өрт қаупі мәселесі туындап отыр. Неліктен? Себебі, ескі құрғақ шөп жер бетіне шығып қалды. Көк шөп өсіп үлгермейді. Кей жағдайда кісілердің абайсыздық танытуы да тілсіз жаудың туындауына себеп болып жататынын айта кету керек. Мысалы, өткен жолы ғана Алматы облысында шаруалар ескі шөпті өртеймін деп, жылыжайлары қоса өртеніп кетті», - дейді Владимир Беккер.

Комитет төрағасының айтуынша, өрт жағдайлары әсіресе демалыс күндері жиі тіркеледі.

«Бау-бақша егетіндер дәл осы демалыста қоқыс өртеп, оттарын сөндірмей кетіп қалады. Оның арты қауіпті жағдайларға әкеліп соғып жатады. Менің ойымша, алдағы екі аптада көк шөп өсіп шығып, өрт қаупінің деңгейі де төмендейді. Мұның бәрі де - маусымдық жағдайлар», - дейді Владимир Беккер.

Еске сала кетсек, бүгінгі баспасөз мәслихатында Владимир Беккер барлық өңірлерде су деңгейі төмендеп жатқанын хабарлаған болатын.