Алматы облысында су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқару күзеттері қойылды
Алматы облысы ТЖД жедел құтқару жасағынан хабарлағандай, Қапшағай су қоймасында алты бекет, Іле ауданында, Первомайский тоғанына, Алакөл көліне, Балқаш көлі мен Талдықорған қаласына бір-бір күзет жұмыс істейтін болады. Олар акваторийдің қауіпті учаскелерін, апатты жағажайларды күнделікті күзететін болады. ТЖБ қызметкерлерінің қатысуымен рейд шаралары апта сайын өткізіледі. «Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, 2015 жылғы шілденің аяғына дейін Алматы облысында 43 градусқа дейін және одан жоғары қатты ыстық болады деп күтілуде. Бұл су қоймаларындағы жағдайды күрделендіре түспек. 2015 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша суға 57 адам батып кеткен, оның 13-і бала, (маусым айында 13 адам, шілдеде 29 адам). Суда адам өлімінің артуына себеп көбіне демалыс орындарында күзеттің болмауы, қауіпсіздік талаптарын білмеу немесе сақтамауы, су қоймалары иелерінің суда адам өмірін қорғауды ұйымдастыруға жауапсыз қарауы, мас күйінде суға түсу, жүзе білмеу, ересектердің баланы суда қараусыз қалдыруы болып отыр. Су қоймаларында адам өлімінің артуына байланысты, одан әрі төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында Құтқару қызметі қала тұрғындары мен қонақтарды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Егер жазатайым жағдайлар бола қалса, Құтқару қызметі - 112 нөміріне хабарласуды сұрайды.