Алматы облысында Сүйінбай ақынның саябағы ашылды (ФОТО)

Төрт күнге созылған ақынның дүбірлі тойының қорытындысы іспеттес айтулы шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Парламент депутаттары, сонымен қатар Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Түркия мемлекетінің өкілдері арнайы келді.
Қонақтар алдымен сөз сүлейінің кесенесінде болып, рухына тағзым етті. Мұнан соң ақынның биылғы жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып-жаңғырған мұражайына атбасын тіреп, жәдігерлермен танысты.
Сондай-ақ осы күні жаңадан ашылған саябақтың ішінде орнатылған бюст көпшіліктің көзайымына айналды.
Мерейтойдың алғашқы құттықтау сөзі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа берілді. Өңір басшысы өз сөзінде ақынның мұрасын қастерлеп, ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылған игілікті істерді атап өтіп, жиналған қауымды торқалы тойларымен құттықтады. Ақын мұражайына көліктің кілтін табыстап, «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жақын күндерде автобус алынып берілетінін де жеткізді. Сонымен қатар көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Сұлтанғали Садырбаевтың Сүйінбайтану бағытындағы еңбегін атап өтіп, ғалымның жұбайы Зүкен Кеңшілікқызына сый-сияпат көрсетті.
Мұнан соң сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин, профессор ғалым Төлеген Қожамқұлов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтар Сүйінбайдың ақындығын, қайраткерлік қырын тілге тиек етіп, бұл той күллі қазақтың руханиятының тойы екенін айтты.
Ал Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омарұлы: «Бөрі - тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының символы, ендеше Сүйінбай жырлаған «Бөрілі байрақ», Сүйінбай ақын шақырған береке-бірлік барша түркі жұртына айтылған сөз деп білеміз. Сондықтан Сүйінбай қазақтың ғана емес, түркі жұртшылығының да ұлы ақыны», - деген келелі пікірін жеткізді.
Осы күні тойға арнайы келген Кочнурин муниципалитетінің Халықаралық қатынас департаментінің директоры Мұстафа Арач Сүйінбай мерейтойын биылғы жылы түркиялықтар бастап, ақынның құрметіне саябақ ашқанын атап өтіп, анадолылықтардың тойға деген тартуын ұсынды. Ақын мұражайына қойылған бұл сыйлықтардың қатарын Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының да тарту-таралғылары толықтырды.
Ақындар мен термешілер Сүйінбайдың жыр-термелерін төгілтіп, «Сүйінбай сазы» ансамблі өнерін паш етті.
Мерейтой соңы «Көкбастау» ипподромында ұлттық ат спорты жарыстарына ұласты.
Жалпы, ақын мерейтойы қарсаңында ақынның бұрын баспа бетін жарық көрмеген шығармалары мұрағат арқылы жинақталып, сонымен қатар Сүйінбай туралы жазған ақын-жазушылардың шығармалары іріктеліп, 4 томдық кітап болып басылып шықты.
Жыр сүлейінің кесенесі қайта қалпына келтіріліп, әдеби-мемориалдық мұражайына күрделі жөндеу жүргізілді. Туған ауылы Қарақыстақ абаттандырылып, жаңа кейіпке енді.