13:11, 28 Маусым 2010 | GMT +5
Алматы облысында телекөпір барысында алты инновациялық нысан іске қосылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан телекөпір барысында Алматы облысында алты инновациялық нысан қатарға қосылды.

Бұл туралы телекөпір кезінде облыс әкімі Серік Үмбетов мәлімдеді.
«Бұл сүт өнімдерін шығаратын Danon фирмасының зауыты, соя шығаратын екі зауыт, табиғи тас пен инфузионды еріткіш алуға арналған біржолғы жүйе шығаратын зауыттар. Сонымен қатар, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы біз облыста гидроэнергетиканың дамуына бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламаны бастадық», - деп түсіндірді Серік Үмбетов.
Аймақ басшысының сөзінен кейін «АСПМК 519» ЖШС директоры Виктор Сычевтың қатысуымен Қаратал өзеніндегі бесінші, шағын жаңа су электр стансысы іске қосылды. Оның құрылысы 2007 жылы басталған болатын. Жобалық құны 783 млн. теңге, қуаттылығы - 3,5 МВт.