Алматы облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Талғар қаласында облыс әкімінің міндетін атқарушы Махаббат Бигелдиев Алматы облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында облыстық басқармалардың басшылары, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле аудандары мен Қапшағай қаласының әкімдері қатысты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жиында Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Сәбит Битаев баяндама жасады. С.Битаевтың айтуынша, қазіргі кезде сол жақ Талғар өзеніндегі жағдай әлі де қауіпті күйінде. Селдің шамасы секундына 5-10 мың текше метрді құрап отыр, ал су жіберуге арналған Талғар плотинасында су тұрақты түрде шығарылуда. 2015 жылғы 25 шілде күнгі тікұшақ арқылы селден қауіпті аймақтарды жоғарыдан бақылау барысында Комсомол мұздағында № 5, 6, 7, 8, 8-а морена өзендері осындай орындар қатарында екені анықталды. Бұл орайда үш өзен каскадты, ал қалғандары бір-біріне жақын жерлерде. Сондықтан облыстың барлық аймақтарында төтенше жағдайларды ескерту мақсатында алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға облыстың барлық қажетті техникалары мен тиісті қызметтері тартылған. Олардың қатарында ТЖД, ІІД, «Қазавтожол», «Қазселденқорғау» және басқалары бар. Жолдың қауіпті учаскелерінде және көпір өткелдерінде қосымша постылар қойылған, барлық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.

Баяндаманы тыңдағаннан кейін Махаббат Бигелдиев аудан, қала әкімдеріне және тиісті қызметтер мен басқармалар басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Мәселен, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласының әкімдеріне, облыстық ТЖД, ІІД және «Қазселденқорғау» басшыларына неғұрлым қауіпті учаскелерде жеке құрам және техникалық құралдар дайындау міндеті жүктелді. Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарына 5 экскаватор, 5 самосвал, 2 автопогрузчик, 5 бульдозер, 2 бензовоздан құралған арнайы отряд жасақтап, барлық қауіпті жол учаскелері мен көпір өткелдерін тексеру тапсырылды. Сонымен қатар Алматы облысы бойынша «Қазавтожол» АҚ жедел топ дайындау, ал облыстық ІІД қауіпті жол учаскелерін жауып, патруль қызметін жүргізуге міндеттелді. Сол сияқты, энергетика қызметіне халықты және медицина мекемелерін электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.

Жиын соңында Махаббат Бигелдиев жағдай бақылауда екендігін атап өтіп, дегенмен табиғаттың дүлей күші туғызуы мүмкін кез келген жағдайға барынша дайын болу қажеттігін, сондықтан алдын алудың барлық кешенді шараларын жүзеге асыруды қатаң ескертті.

Соңғы жаңалықтар
telegram