Алматы облысында ҮИИД бағдарламасы бойынша 14 жобаны іске қосу жоспарлануда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. 3 шілде. ҚазАқпарат - Алматы облысында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 14 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олардың 7-уі бірінші жартыжылдықта іске қосылған. Олар  - полипропилен қапшықтарды өндіретін «Универсал» ЖШС, Көксу ауданындағы Далабай кен орнында алтынның құрамы бар кендерді өңдейтін зауыт пен Іле ауданындағы көліктер үшін сүзгіш шығаратын зауыт бар. Сонымен қатар Талғар ауданында сұйық дәрі-дәрмектерді шығаратын және Іле ауданында «Элеас» атты екі фармацептикалық зауыт іске қосылды. Олардың қатарында екі жылыжай - Панфилов ауданында 4 гектар аумақтағы «Байсерке Агро» ЖШС мен Қапшағай қаласында 5 гектарлық жылыжай бар.

Полипропилен қапшықтарды өндіретін зауыт Алматы облысының Жаркент қаласында іске қосылған. Бұл 2012 жылы ҮИИД бағдарламасын іске асыру аясында өңірде ашылған бірінші нысан.

«Универсал» ЖШС-нің құрылысына 304 млн. 100 мың теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстары шамамен 2 жылға жалғасты. Зауыттың қуаттылығы жылына 48 млн. қапшық. Зауытта жаңа 360 жұмыс орны ашылды.

Онымен бірге екінші жартыжылдықта бірнеше нысандар іске қосылады. Атап айтқанда, Қарасай ауданында 800 гектар аумақта тамшылап суару жүйесі, Қапшағайда 96 гектар аумақта тамшылап суару технологиясын қолдана отырып жеміс-көкөніс өнімдерін шығару бойынша алаң, Талғар ауданында балық қоспа жемін дайындау бойынша зауыт, Іле ауданында Алматы желдеткіш өндірістік зауыты, Талдықорғанда жылына 21,8 мың тонна сүт өңдеу зауыты, Сарқан ауданында сұйық май өнімдерін шығаратын «Саркан Май» ЖШС. Ал Іле ауданында құс фабрикасы қуаттылығын жылына 12 мың тоннаға дейін арттыратын жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар