Алматы облысында жалған ақпарат берген тұрғын ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жалған ақпарат берген азамат ұсталды. Талғар ауданының тұрғыны Ішкі істер органына қоңырау шалып, мешітте жарылғыш зат бар екенін айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аяқтарынан тік тұрған құзырлы органның өкілдері аталған аймақты қоршауға алып, 18 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Алайда тінту барысында ешқандай қауіпті заттың жоқ екені анықталды. Жедел іздестіру шарасы кезінде 40 жастағы азамат күдікті ретінде ұсталды. Ол мұндай қадамға ішімдік ішкен күйінде барған.
Қазір аталған факті бойынша іс қозғалды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, елді дүрліктірген адам қамауға алынды.