Алматы облысында жетімдер үйлеріне көз салғандар анықталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының Есік қаласында Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органы екі жетім бала - Катя мен Коля Игиндерге тиесілі баспананың сатылуына жол беріп отыр,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматы облыстық прокурорының орынбасары Рашид Апековтің айтуынша, бұл оқиғаның мән-жайы былай болған: балалардың заңды қорғаншысы - туған әжелері сырқаттанып қайтыс болған. Ал жетімдердің алыс бір туысы Фендриков деген азамат жетімдерге әжелерінен үлкен үй қалғанын біліп, балаларға қамқоршылықты ресімдейді, одан кейін оларға тиесілі жылжымайтын мүлікті сатып жібереді. Нәтижесінде жетімдер көшеде қалады. Оның үстіне, прокурорлық тексеру барысында Фендриковтың жүйкесі ауыратынын, оған «қауқарсыздық дәрежесіндегі олигофрения» диагнозы қойылғаны анықталады. Және аудандық ішкі істер органының анықтама қағазына сәйкес, ол бейберекет өмір сүретін, ішімдікке берілген азамат болып шыққан. Прокуратура қызметкерлерінің араласуынан кейін, балалар баспаналарына қайта ие болып отыр. Дәл осындай заң бұзушылық Каменка ауылында тіркелген. Кәмелетке толмаған Жайқұпова анасының өлімінен кейін алдаудың құрбаны болған. Нотариус қайтыс болған әйелдің туыстарына мұрагерлікке құқық туралы куәлікті беру кезінде мұрагерлердің тізіміне марқұмның қызының атын-жөнін жазуды ұмыт қалдырған. Прокурордың шағымы бойынша жоғарыдағы куәліктің күші жоқ деп танылып отыр. Тексерулер барысында сондай-ақ, бақылаудың жоқтығынан, кәмелетке толмағандардың білім алу және еңбек құқықтары жиі бұзылатыны анықталып отыр. Мысалы, Ұйғыр ауданындағы Ұзынтам ауылында 15 жастағы жасөспірім 2005 жылы оқуды тастап кетіп, ауыл мектебі директорының қойын баққан, ал Ақсу ауданында 5-9-шы сынып оқушылары қант қызылшасын жинаған, ал Іле мен Қарасай аудандарының мектептерінде мұғалімдер оқушылардан негізсіз ақша жинаумен айналысып келген. Тексеру қорытындысы бойынша, прокуратура органдары уәкілетті мемлекеттік органдардың атынан заңсыздықтарды жою туралы 25 ұсыныс енгізді, 6 наразылық бойынша жергілікті атқарушы органдардың 7 заңсыз актілерінің күші жойылды, сот 2 шағымды қанағаттандырды, тексеру материалдары бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды.
Соңғы жаңалықтар