Алматы облысында жоғалған тікұшақты іздестіруге ҚР ІІМ-нің 300 қызметкері мен 50 техникасы жұмылдырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында жоғалған тікұшақты іздестіруге қазіргі уақытта ҚР ІІМ бөлімшелерінің 300 қызметкері мен 50 техникасы жұмылдырылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысы ТЖД кезекшілік-диспетчерлік қызметіне сағат 17.47-де Алакөл ауданы Үшарал қаласынан Талдықорған қаласына қарай бағытпен «Аспан» АҚ-ның меншігіндегі UP-MD-600N азаматтық тікұшағы, сырқат баланы облыстық ауруханаға жеткізу үшін ұшып шыққандығы хабарланған. Қолдағы бар мәліметтерде тікұшақ бортында 5 адам болғандығы келтірілген.
Іздестіру аймағындағы ауа райына келсек, қар жауып тұр, көріну нашар. Іздестіру жалғасуда. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету үшін 8 (7282) 22-04-60 нөмірі бойынша «жедел» желі ашты.