10:34, 16 Қаңтар 2015 | GMT +5
Алматы облысында жол апатынан журналистер зардап шекті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Панфилов ауданына сапары барысында онымен бірге еріп жүрген тілшілер мен облыс әкімі баспасөз қызметінің қызметкерлері жол апатына ұшырады.
Оқиға облыс әкімі Амандық Баталов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Маминнің төрағалығымен құрғақ кемежай мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ның мәселелері бойынша кеңес өтуі тиіс боған Алтынкөл стансасының маңында орын алды.
Облыстық ІІД-нен хабарлағандай, ішінде тілшілер отырған көлік бұрылған кезінде көктайғақ салдарынан аударылып қалған. Сондай-ақ жол полициясының қызметкерлері көліктің тозған жазғы доңғалақтармен жүргенін айтады.
Жол-көлік апатының салдарынан зардап шеккен барлық төрт тілші: «Жетісу» газетінің фототілшісі, «Жетісу» ТРК-нің тележурналисі, баспасөз қызметінің міндетін атқарушы және көлік жүргізушісі орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.