Алматы облысындағы сарбаз қаза болған жерде түсірілген видео жарияланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі Алматы облысында қатты дауыл кезінде ұлттық гвардия мерзімді қызметінің әскери қызметшісі жазатайым жағдайда қаза болған жерде түсірілген видеоны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
9 тамызда кешкі уақытта қатты дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы жауынгер әріптестерін қауіпсіз жерге көшіруге көмектесіп, соңынан шығып келе жатқанда шатырдың темір жақтауы құлап, басынан соққы алады .
Сарбазға жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Кейіннен қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын айтты.
Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы 8-13 тамыз аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған.
19 жастағы сарбаз Ұлттық ұлан қатарына биылғы көктемде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен шақырылған.