16:36, 04 Қазан 2012 | GMT +5
Алматы облысындағы туристік орталықты салудың бас жоспары жасалды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 қазан. ҚазАқпарат - Алматы облысында салуы жоспарланып отырған «Жаңа Іле» халықаралық ойын-сауық туристік және сауықтыру орталығы бүкіл Орта Азия аймағындағы теңдесі жоқ орынға айналады.

Ол Қапшағай су қоймасының көркем жағалауында салынып, Жетісу өлкесінің көрнекті орындарының бірі болады.
Бұл туралы ірі мемлекеттік нысанды іске асыруға байланысты мәселелер қарастырылған қала құрылысы кеңесінің отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов хабарлады.
Оның айтуынша, кешенде дамыған инфрақұрылым, еурокласс қонақ үйлері, ойын-сауық және спорттық нысандары болады. «Алтын Емел» ұлттық табиғи саябағы мен Таңбалы шатқалының жақын орналасуы демалып жүрген қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін тартымды факторларға айналады.
Әкімдіктің ақпаратынша, бұған Қапшағай маңы жерінің 11 мың гектары сақталып отыр, құрылыстың бас жоспары жасалды, қазіргі кезде ол ҚР Үкіметінің бекітілуінде жатыр.