Алматы облысының әкімі Жетісу жұртшылығын Жаңа жаңа жылмен құттықтады

«Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді 2016 Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын.
Өткен жыл барлығымыз үшін ерекше маңызды, жаңалықтар мен жақсылықтарға толы болды. Республика халқымен бірлесіп жетісулықтар да Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 және Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтарын лайықты атап өтті, әлеуметтік-экономикалық салаларда мемлекетіміздің қарқынды даму позициясын нықтап, азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға нәтижелі қадамдар жасадық.
Бүгінгі күні жылды қорытындылап, кешегі күнімізді саралап, болашағымызға бағдар жасаймыз. Ел Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауымен ерекшеленген өткен жыл біз үшін жетістіктер тарихының тағы бір ұмытылмас кезеңі болды. Қазіргі таңда Елбасы - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген де сарабдал саясатының арқасында әрбір қазақстандық болашаққа еңсесін тіктей қарап, өз өмірінің келесі парағын зор сеніммен ашуда.
Жаңа жыл - үкілі үміттердің, асқақ армандардың, ізгі тілектер мен көтеріңкі-көңіл күйдің бастауы. Сол үміт-армандарымыз орындалып, тіршілігіміздің шырағына айналсын!
Құрметті жетісулықтар!
Облыстың әрбір тұрғынына туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, еселі еңбегі мен белсенділігі үшін алғыс айтқым келеді. Біз барлық табысқа жұдырық боп жұмыла жұмыс істегеніміздің, жауапкершілігіміз бен мақсатқа жету жолындағы табандылығымыздың арқасында қол жеткіздік. Алдағы 2016 жыл осы ұстанымымызды одан әрі нығайтып, жаңа жеңістер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын.
Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, бақ-береке тілеймін! Жаңа жыл әрбір шаңыраққа молшылық әкеліп, қуаныш пен шат күлкі сыйласын! Жаңа жылда баршамызға сәттілік серік болсын!
Жаңа жылдарыңызбен!», - делінген облыс әкімінің құттықтауында.