Алматы облысының бюджеті 344,5 млрд. теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының нақты бюджет көрсеткіші 344,5 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгінгі өткен Алматы облыстық мәслихаттың кезекті ХХХХV сессия отырысында белгілі болды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нәфиса Сатыбалдинаның мәлімдеуінше, енгізілген өзгертулерге сәйкес облыс бюджеті 5 млрд. теңгеге ұлғайды, деп хабарлайды аймақтық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
None
None

Күн тәртібінде алғашқы болып 2014 жылғы 12 желтоқсандағы «Алматы облысының 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №40-225 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселесі қаралды.

Сонымен қатар, облыс бюджеті жас мамандарды жұмыспен қамту, жаңа мектептер мен бала-бақшалардың құрылысына, денсаулық сақтау саласына, жол жөндеу мәселесі мен инфрақұрылымдарға, кәсіпкерлікті дамыту мен халықтың аз қамтылған топтарына көмек көрсетуге бағытталды. Бұдан басқа ауылшаруашылығы саласы, туризм мен спорт, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салалары мен әлеуметтік объектілер де назардан тыс қалмады.

Нақтырақ айтар болсақ, облыстық бюджет есебінен білім саласының ағымдағы шығындарына қосымша 1,1 млрд. теңге қарастырылды. Аталған қаражат білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауына және жаңадан іске қосылатын мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ. Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша ағымдағы шығыстарға қосымша 186,4 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 45,6 млн. теңге республикамыздың алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарымен келісілген меморандум қорытындысы бойынша облыс әкімінің гранты негізінде 91 студенттің білім алуына жұмсалады. Облыстық және аудан деңгейіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да жалғасын табуда. Бұл бағытқа қосымша облыстық бюджет есебінен 1,9 млрд. теңге қарастырылды. Бұдан басқа Талдықорған қаласында аэропорт ғимаратын күрделі жөндеуге 50 млн. теңге бөлінбек. Сонымен қатар, орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар мен табиғат апаттарының алдын алуға 509,8 млн теңге бөлінді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н.Сатыбалдинаның хабарлауынша, бюджет есебінен 646,9 млн. теңгеге жетім балаларға арналған 100 пәтер сатып алу жоспарланған.

Облыс бюджетіне енгізілген өзгерістерден соң облыстың 2011-2015 жылдарға арналған даму Бағдарламасын жаңа редакцияда бекіту мәселесі, Текелі моноқаласын экономикалық дамытуға бағытталған кешенді даму жоспарының орындалуы және «Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы» атағын беру Ережесін бекіту сынды бірқатар мәселелер талқыланды.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен әлеуметтік маңызы бар бірқатар құрылыстардың аяқталу жұмыстарына тоқталып, отырысты қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар