Алматы облысының кәсіпкерлері үйсіз жандарға баспана сыйлауды жалғастыруда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов және Кербұлақ аудандарында жағдайы төмен отбасылар баспаналы болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері тағы да екі отбасыға баспана сыйлады. Жаңа шаңырақ иелерінің екеуі де жалғыз басты аналар. Бірі 3 кішкентай баланы, екіншісі 7 баланы бағып отыр. Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Мейрамгүл Байсейітоваға осы ауылдың шаруа қожалық басшылары 4 бөлмелі үйді сыйға тартты.
«Осы күнге дейін 7 баламен жалдамалы пәтерде тұрдым. Екі балам студент. 5 балам мектепте оқиды. Жалғыз өзім қолымнан келгенінше тырмысып, балаларымды жеткізіп келемін. Енді өзіміздің үйіміз бар. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Қожалық басшылығына алғысым шексіз», - деді көпбалалы ана көзіне жас алып.
Сонымен қатар, Алтынемел ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің бас директоры Халық Оңғарұлы да жалғыз басты анаға тосын сый жасады. Ол Сембай Гүлсанат есімді жалғыз басты анаға үш бөлмелі үй сатып алып берді.
«6 жылдан астам уақыт жалдамалы пәтерде тұрдым. Кіші балам енді ғана 3-ке толды. Екі балам мектепте оқиды. Туыстың және осындай жаны жомарт азаматтардың арқасында күнімізді көріп жүрміз», - деді жас ана.
null

Айта кету керек, Кербұлақ ауданында соңғы екі айда 8 көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үйлі болған. Сонымен қатар, Панфилов ауданында жеке кәсіпкер апатты үйде тұрып жатқан Балжан Қалибаеваның отбасына 6 бөлмелі үй салып берді. Әлеуметтік жағдайы төмен жанұя жайлы ауыл тұрғындарынан естіген жергілікті шаруа қожалығының басшысы Берік Оразбай отбасының ескі үйінің жанынан жаңа үй салып берген.

«Туған жерімнің топырағына дән егіп, еңбек етіп жатырмын. Осы отбасындағы балалардың жайы мені қатты алаңдатты. Сол себепті көмек көрсетуді жөн санадым. Жәрдемдесуге мүмкіндігі бар азаматтарды осылайша көпбалалы отбасыларға қол ұшын беруге шақырамын», - деді Б.Оразбай.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Текелі қаласының тұрғыны, 7 баланың анасы Назгүл Көжекееваға жергілікті кәсіпкер төрт бөлмелі үйді сыйға тартқанын хабарлаған болатынбыз.
null null

Соңғы жаңалықтар