Алматы облысының оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтылады
Қазірдің өзінде 500-ге тарта жаңа оқулықтар сатып алынды. Биылғы жылы әдеттегідей екі сыныпта ғана емес, төрт сыныпта оқу материалдары толық жаңартылады.
«Бүгінде облыс бойынша 80 пайыздан астам оқулықтар жеткізілді. Онымен 100 пайыз қамтамасыз етілген аудандар да бар. Бұлар - Қаратал ауданы және Қапшағай қаласы. Жамбыл, Қарасай, Ақсу аудандарында қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызды құрайды. «Әр оқушыға - оқулық» акциясы аясында біз оқулықтарды таратуды 10 тамызға қарай бастаймыз. Ал 1 қыркүйекте әр баланың қолында оқулықтары болуына тырысамыз. Егер бұрын балалардың оқулықтармен қамтамасыз етілуі облыс бойынша 86 пайыз болып, алғашқы кезекте оқулықтарды көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары алып келген болса, енді барлығы да тегін мектеп оқулықтарына ие болады. Дегенмен, оқу құралдарына тапсырыс берілген кезде, өңірге оқу жылының басталар алдында келгендер есепке кірмей қалуы мүмкін. Оқулықтарға тапсырыстар 25 мамырға дейінгі облыс мектептеріндегі оқушылар санына қарай берілді», - деп атап көрсетті Алматы облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова.