Алматы облысының үш жылдық бюджеті бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, онда депутаттар 2015-2017 жылдарға арналған облыс бюджетін бекітті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметінен.
None
None

Облыстың алдағы жылдарға арналған кіріс-шығысы жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нәфиса Сатыбалдина баяндама жасады.

Жаңа бюджетті жасау барысында негізінен Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, білім беруді дамыту, «Саламатты Қазақстан», өңірлерді дамыту бағдарламаларына басымдық берілген.

Облыс бюджетінің алдағы үш жылдағы шығысына 1006,3 млрд. теңге жұмсау жоспарланған. Оның ішінде, келесі жылы білім беру мен денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік әлжуаз топтарға қолдау көрсеті ісіне бөлінетін қаражат көлемі қомақты. Сол сияқты ауыл шаруашылығында мал, өсімдік, тұқым шаруашылықтарын дамытуға, егіс науқанынан жанар-жағар май құнын арзандатуға, басқа да бағыттарына едәуір қаржы қарастырылмақ. Сонымен қатар коммуналдық салаларға, жол жөндеу, ауыз су тарту, құрылыс, туризм, тағы басқа салаларға да жеткілікті көңіл бөлінетін болады. «Келесі жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Бүгінгі күні олыста небәрі 390-ға жуық ардагер бар. Осы мерейлі мереке қарсаңында соғыс ардагерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән беруіміз керек», - деді облыс әкімі Амандық Баталов. Сонымен қатар өңір басшысы сөзінің қорытындысында Текелі қаласының, облыс орталығы Талдықорғанның бүгінгі дамуы, бюджеттің дотация бөлігін төмендету, салық базасын ұлғайту, иесіз жатқан суару жүйелерін ретке келтіру, туризмді дамыту секілді маңызды мәселелерге де тоқталып өтті. Жиын соңында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 20 жыл толуына орай бірқатар депутаттарды ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, атаулы медальдарымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар