«Алматы-Өскемен» тас жолында жолаушыдан 2,5 келі героин тәркіленді - ҚР ІІМ
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Көліктегі ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы Шу ауданының «Шу-Тәтті» өткелінде Қарағанды облысының 24 жастағы азаматын қолға түсіріп, одан 1 тонна 406 келі марихуана тәркілеп алды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде хабарланды.
Бұдан бөлек, Алматы облысы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Алматы-Өскемен» тас жолында жедел-тергеу шараларының нәтижесінде «Хундай» маркалы автокөлігін тоқтатқан көрінеді. Солтүстік-Қазақстан облысы Бескөл ауылының тұрғыны болып табылатын 30 жастағы жолаушының көйлегінен скотчпен оралған 3 полиэтиленді түйіршік табылды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың 2,5 келіден астам героин екендігін дәлелдеген. Құрықталған адам 2010 жылы ұрлық үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Есірткіні тиеп алған бұл азамат Алматыдан Талдықорған қаласына сапарлағаны анықталған.
Қазіргі таңда есірткі заттарын тасымалдау арнасын анықтау үшін жедел-іздестіру және тергеу бойынша кешенді шаралары жүргізілу үстінде.
Есірткі затын тасымалдаушы қамауға алынып, есірткіні заңсыз сақтау мен тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.