Алматы полицейлері алаяқ келіншекті қолға түсірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері алаяқтықпен жүйелі түрде айналысып келген 38 жастағы келіншекті қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы полицейлері алаяқ келіншекті қолға түсірді

Полицейлердің қолына түскен 1979 жылы туған Шығыс Қазақстан облысының тумасы А. Баширова бұған дейін де алаяқтық әрекеті үшін сотталған болып шықты. Бұл жолы А.Баширова Алматы қаласында заңнамалық қызметін көрсететін мекеме ашып, клиенттердің сенеміне кірген.

«Оның мекемесінің қызметіне азаматтық, қылмыстық заңнамалар бойынша жеке және заңды тұлғалар жүгінген. Күдікті өзінің жымысқы ойын жүзеге асыру үшін заңдық тұлғалардың клиенттерін қармағына түсірген. Күдікті мекемесінде заңдық қызмет көрсетіп қоймай, мәселені шешеудің заң талаптарынан тыс «ерекше» жолын табатынын, басқаша айтқанда, ол клиенттеріне мәселені лауазымды тұлғаларды «сатып алу» арқылы шеше алатанын айтқан. Ол үшін түрлі ведомстволарда ықпалды адамдарының бар екендігіне сендірген. Аңғал клиенттер оның айтқанына сеніп, 6 мыңнан 20 мың АҚШ долларына дейін ірі сомадағы ақшаларын берген. Осылайша, қаскөй адамдардың сеніміне кіріп, азаматтардан жалпы сомасы 50 мың АҚШ долларын иемденіп алған. Оған қатысты ҚР ҚК 190-бабының, 3-бөлігі, 1-тармағы (алаяқтық) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта тек Бостандық ауданы бойынша оның қылмысына қатысты 7 оқиға әшкереленді», - деді Бостандық аудандық ІІБ басшысы полиция подполковнигі Даурен Өтебаев.

Қалалық ІІД аталған адамнан зардап шеккендер болса 254-47-02; 254-47-59; 8-778-999-97-27 немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.

Айта кетейік, 2009 жылы алаяқтық бойынша түрмеде жазасын өтеп жатқан Баширова түрме қабырғасында өзімен бірге жазасын өтеп жатқан П есімді азаматтың ақшасын алдап алған. Сол үшін Медеу аудандық соты оны 8 жылға бас бостанығынан айрып, жеке мүлкін тәркілеуге үкім шығарған.