Алматы полицейлері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында «Алматының 1000 жылдығына - 1000 игілікті іс» акциясы аясында Наурызбай ауданының жергілікті полиция қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын аралап, оларға тұрмысқа қажетті бұйымдар таратты. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл қайырымдылық шараға «Родник» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қолдау көрсетті. Олар полиция қызметкерлерімен бірге алдын ала тұрмысқа қажетті заттар: ыдыс-аяқтар, төсек-орын жабдығының тыстары, ересектер мен балаларға арналған киімдер, ойыншықтар және басқа да бұйымдарды сатып алды. Кейін, отбасыларды аралап, олардың әлеуметтік жағдайымен, балалардың тәрбиесімен танысты. Отбасы мүшелері қайырымдылық көмектерге риза болды.
«1000 игілікті іс» акциясы - өте маңызды және қажетті шара. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу - олар үшін бірінші кезекте психологиялық тұрғыдан қажет. Әсіресе балаларын жалғыз өзі бағып-қағып отырған жалғыз басты аналар үшін мына қиын заманда өзін қараусыз қалғандай сезінбеуі көңілге үлкен демеу. Ал біз оларға моральдық және материалдық тұрғыдан көмектесуге қашанда дайынбыз», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Майя Тоқсанова.