Алматы полицейлері бір апта ішінде ТЖО жұмысшылары жасаған үш көлік ұрлау қылмысын әшкереледі

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат - Қаладағы бір техникалық жөндеу орталығының механигін «Тойота Камри» автокөлігі қатты қызықтырса керек. Көлік қожайыны қозғалыс бөлігінің ақауларын жөндетуге келіп, темір тұлпар кілтін сеніп тастап кеткендігін пайдаланған ол, көлікті қуып кеткен, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен Талғат Сейілбаев.
None
None

«Абай көшесі бойында орналасқан бұл техника жөндеу орталығы көлік қожайынының жұмыс орнына жақын болғандықтан А. есімді азамат таңертеңгі сегіздер шамасында көлігін жөндетуге қалдырып, түс мезгілінде алып кетпек болған. Алайда техникалық жөндеу орталығының шебері көлік құралын тексеруден өткізіп, ақауларын реттеудің орнына жанындағы әріптестеріне де ескертпесен, көлікті айдап кетіп қалған. Бұл көлік ұрлығы туралы мәліметті полиция органдарына көлік иесі хабарлаған», - деп атап өтті Алматы қаласы ІІД Жол полиция басқармасы бастығы Арман Сарбасов.

Қала бойынша жүргізілген «Құрықтау» іс-жоспары нәтижесінде күдіктіні жол сақшылары Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қолға түсіріген. Үй аулаларын пайдаланып із жасырып кетпек ниетте болған 25 жастағы жігіт полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынғысы келмеген. Дегенмен де қылмыскер құрықталған.

«Күдікті бұған дейін де көлік ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Айта кететін болсақ, қаладағы көптеген ТЖО-ның әкімшілігі жұмысшыларды жұмысқа қабылдау кезінде, олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы туралы мәліметке аса мән бере қоймайды. ТЖО-да орын алатын көлік ұрлау қылмыстарын бұрын сотталған азаматтар істейтіні белгілі. Полиция тәжірибесіне сүйене отырып айтатын болсақ, егерде көлік құралдары ТЖО-ның аумағынан ұрланатын болса, ең бірінші орталық жұмыскерлері мен оның ұжымы мұқият тексерілетін болады», - деп мәлімдеді полковник Сарбасов.

Ал Баянауыл көшесінде орналасқан ТЖО-ның 21 жасар көлікқұмар шебері ақауларын жөндеп біткеннен кейін, заңды белден басып, темір тұлпарды қуып кеткен. Сонымен қоса жүргізушілік тәжірибесі жоқ, ешқандай жауапкершілікті сезінбеген жас көлік ұрлаушы өзінің немқұрайдылығы арқасында Райымбек көшесі бойында жол-көлік апатына себепкер болып, оқиға орнынан біразға ұзап кеткен болатын. Арнайы батальонның күдігін тудырған ол Фурманов пен Қабанбай көшелерінің қиылысында қолға түскеннен кейін ғана көліктің ұрланғандығы анықталған. Екі жағдайда да көлік ұрлаған қылмыскерлер Алматы қаласында тұрақты мекен-жайлары жоқ, еліміздің басқа аймағынан келген азаматтар екендіктері белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар