Алматы полицейлері кәсіби мерекелерін дәстүрлі эстафетамен атап өтті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері биыл кәсіби мерекелерін дәстүрлі эстафетамен атап өтті. «Динамо» стадионында ұйымдастырылған спорттық шараға 200 ден астам полицей қатысты. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы полицейлері кәсіби мерекелерін дәстүрлі эстафетамен атап өтті (ФОТО)

Эстафета Алматы көшелерінде өтті. Газтұтқышпен, автоматпен жүгіру кезеңдерінде 15 команда бақ сынады.

«Ең басты талап полицей киімімен жүгіру болды. Бұл азаматтардың бойында құқық қорғау органдарының жұмысын көрсетіп, оларға сенімін нығайту үшін жасалды. Салауатты өмір салты полицейлердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Дені сау полицей әрқашан қылмысты ашуда, оны болдырмауда үлкен көмек көрсетеді. Бүгінде ІІД жеке құрамында кәсіби спортшылар, спорт шеберлері, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері өте көп. Олар әлемдік додаларда Қазақстанның атын шығарып жүр», - деді Алматы қалалық ІІД кадрлық жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Эстафета қорытындысы бойынша «Арлан» арнайы жасағының командасы бас жүлдені иеленді. Екінші орынға жылдам әрекет ететін арнайы жасақтың сарбаздары (СОБР) табан тіреді. Үшінші орынға жол-патрульдік полиция өкілдері лайық деп танылды.