Алматы полициясы 21 жастағы бойжеткенді қағып кеткен жүргізушіні ұстады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан қызды қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жол-көлік оқиғасы кеше таңертең Қалдаяқов көшесі бойында болған. Оңтүстік бағытта келе жатқан шетелдік көлік жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан бойжеткенді қағып кеткен.
«Жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. «Жедел жәрдем» машинасын жол-көлік оқиғасына куә болған басқа жүргіншілер шақырған. Ауыр жарақат алған бойжеткен ауруханаға жеткізілді. Ал Жергілікті полиция қызметі іздестіру бөлімінің қызметкерлері жедел түрде кешенді шаралар жүргізе отырып, бірнеше сағаттың ішінде автокөлікті анықтады. «Киа» маркалы автокөлікті 1995 жылы туған алматылық азамат басқарған. Түн жарымға қарай ол ұсталды. Оқиға орнынан із жасырған автокөліктің қалай және қай бағытта жүріп отырғаны жаңа технологиялар арқылы анықталды», - деді Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов.
Белгілі болғанындай, адам қағып кеткен жүргізуші үйіне асығады. Оның үйі Алматы облысының Қарасай ауданындағы елді-мекендердің бірінде орналасқан. Ал соққыдан бүлінген автокөлігін үй маңына жасырады.
«Жігітті ұстаған Жергілікті полиция қызметі іздестіру бөлімінің қызметкерлері оны біздің бөлімнің Жол-көлік оқиғаларын тергеу бөліміне алып келді. Жүргізуші кінәсін мойындады. Қазір ҚР ҚК 345-бабының 2-тармағы (болжам бойынша, ауыр салдарға әкеп соққан жол-көлік оқиғасы) және ҚР ҚК 345- бабы (жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жүргізуші ІІД-нің уақытша тергеу абақтысына қамалды. Таяу уақытта сот тергеу кезеңіне қатысты бұлтартпау шарасын бекітеді», - деді подполковник Әбдірахманов.